Айжан Құлжанова

Қазақ ұлттық өнер университетінің оркестрлік орындау кафедрасының профессоры, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, білім беру үздігі. Ол мұғалімнің орындаушылық дәстүрін жалғастырған бірқатар кәсіби, талантты және сұранысқа ие музыканттарды дайындады. «Болашақ» виолончель ансамблін құрып, қазіргі күнге дейін оның көркемдік жетекшісі болып келеді.
«Болашақ» виолончель ансамблі – жарқын және ұйымдасқан ұжым. Талантты түлектер өз шығармашылықтарын республикалық және әлемдік сахналарда жоғары шеберлікпен көрсетіп, көптеген байқаулардың лауреаттары атанды. Виолончель ансамблінің жетістіктері – Айжан Құлжанованың педагогикалық жұмысының жарқын көрсеткіші: 2020 жылы Грузияның Батуми қаласында өткен «Жібек жолы» халықаралық музыкалық байқауының гран-приі, 2023 жылы Павлодарда өткен IV Республикалық «Отан туралы ән» байқауының гран-приі, 2024 жылы БАӘ-ның Дубай қаласында өткен MECMA (Middle East Classical Music Academy) 3-ші шығарылысы аясындағы ансамбльдердің халықаралық байқауының гран-приі.
Айжан Құлжанованың педагогикалық таланты жас талантты музыканттарды тәрбиелеуде айқын көрінді. 42 жылдық педагогикалық қызметі барысында оның шәкірттері Қазақстанды Италия, АҚШ, Швейцария, Ресей, Украина, Қырғызстан, Түркия, БАӘ және т.б. елдерде өткен 520-дан астам республикалық және халықаралық байқауларда өнер көрсетті. Х Халықаралық П.И. Чайковский атындағы жастар байқауында «Үздік педагог» арнайы сыйлығына ие болды. Айжан Құлжанованың сыныбының студенттері Орта Азия жастар оркестрінің құрамында Орта Азия және Еуропа қалаларында бірнеше рет концерт беріп, Қазақстанның виолончель мектебін Юрий Башметтің ТМД елдері академиясында, Денис Мацуевтің «Жаңа есімдер» шығармашылық мектебінде ұсынды.
Айжан Құлжанованың жетістіктері музыка әлемінде кеңінен белгілі. Ол үлкен педагогикалық және шығармашылық әлеуетке ие. Оның қызметі жарқын, сұранысқа ие және кәсіби мамандарды тәрбиелеуге, Қазақстан Республикасының ұлттық мәдениетін сақтауға және дамытуға бағытталған.